«Енші» зияткерлік сайысы

«Енші» – еліміздегі білім ізденуші жастардың зияткерлік қабілетін байқап, жан-жақтылығын анықтайтын бірегей бағдарлама. Атауының өзі жобаның ұлттық дүниетанымды жас өрендер арасында кеңінен насихаттау мақсатында қолға алынғанын байқатады. Халқымыз шаңырақ көтерген ұлына өзіне тиісті үлесін мал-мүлік ретінде бөліп беріп, оны «енші» деп атаған. Бұл игі дәстүр – аздаған өзгерістері бар демесеңіз, әлі күнге жалғасып келе жатқан ұлттық салт-ғұрыптарымыздың бірі.
Тарихқа көз жүгіртсек, қарапайым халыққа үстемдік қылушы таңдаулы билік өкілдері, мысалы, Шыңғыс ханның ұрпағы – хан, сұлтандар ақсүйек саналып, жалпылама түрде төре аталған-ды. Ал, «Алпан» атауының ержүрек, батыр дегенді білдірсе, қарапайым халықты «Қараша» атайтынымыз белгілі. Яғни, осы ойында сайыскерлерге «Төре», «Алпан», «Қараша» дәрежелерінің берілуі тегін емес. Мәселен, ойынның алғашқы айналымында-ақ қарсыластарынан әлдеқайда төмен ұпай жинаған бір ойыншы «Қараша» атанса, қалған үш қатысушы «Төре» дәрежесімен келесі кезеңге өтеді. Бұл дәрежелер берілетін «Талапай» айналымында әр ойыншы 1 минут ішінде 15 сұраққа «Иә» немесе «Жоқ» деп жауап беруі тиіс. Әрбір дұрыс жауап үшін сайыскердің қоржынына 10 ұпай түседі. Ал, екінші «Тоғыз торап» айналымында «Қараша» ойынның бірінші бөлігінде үздік ойын өрнегін көрсетіп, жоғары ұпай жинаған «Төренің» қарамағында ойнаса, барлық төрелер өз дәрежелері үшін соңғы айналымға дейін күресіп бағады. Ереже бойынша бұл айналымда ойыншылар 300 секунд ішінде 9 сала бойынша 9 түрлі ұяшықты ашып үлгерулеріжәне сұрақтардың әрқайсысына 7 секундта жауап беруі керек. Әрбір дұрыс жауап үшін сайыскерлерге 10 ұпайдан беріледі және 7 секундтық таймер жаңарып отырады. Бір қызығы, бұл айналымның қорытындысында қарашаға ұпайы жоғары Төрелердің бірін таңдау еркіндігі беріледі. Егер қараша өзінің Төресінен ұпайы жоғары ойыншыны таңдаса, оның «бұрынғы» төресі келесі айналымға қараша дәрежесінде өтеді. Ал, керісінше жағдайда ойын бұрынғыша өрби береді.
Үшінші айналым «Жамбы ату» деп аталады. Бұл айналымда екі төре екі қарашасымен бірге бір-біріне қарсысайысқа түседі. Қос тарапқа бес сұрақтан қойылып, ойыншылар бейнеэкранда көрсетілген суретке жамбыны қою арқылы жауап береді. Ойынның аталмыш бөлігінде де әр дұрыс жауап 10 ұпайға бағаланған. Айналым соңында сайыскерлердің ұпайы тең түскен жағдайда олардың «Тоғыз торап» кезеңіндегі мәртебелері ескеріледі.
«Олжа» – «Енші» зияткерлік сайысының ең соңғы шешуші айналымы. Ойынның соңғы бөлігінде ұпайлар нөлденеді және сайыскерлер мәртебесі де айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Мысалы, алдыңғы кезеңде қарсыластарынан қалып қойған топ Төресі Алпанға айналып, одан әрі Төре еншісіне қарсы ойнайды. Соңғы сайыста қарашаларға теңдік берілген және олар өз төрелеріне бағына отырып ұпай жинайды. Мәртебеге аса мән берілген бұл айналымда Алпан 9 сұраққа алғашқы болып жауап беруге құқылы және ол дұрыс жауап үшін 50 ұпай олжалай алады. Қалған сайыскерлер 3 сұраққа бірінші болып жауап бере алады және жауап дұрыс болған жағдайда Төренің еншісіне 100 ұпай жазылса, қарашалар 80 ұпайғақол жеткізеді. Сайыскерлер қателессе мәртебелеріне қарай келесі ойыншылар жауап береді және ережеге сәйкес үшінші жауап берген қатысушы 40, төртіншісі 30 ұпай еншілейді.
«Енші» зияткерлік сайысында қатысушылар «Төре» атану үшін, яғни, жеңімпаз болу үшін білімнің және шапшаңдықтың керектігін ескергені жөн. Сондай-ақ, зияткерлік сайыс өрендерден психологиялық дайындықты да талап етеді.