«Еншінің» алғашқы сайыскерлері кімдер?

Данышпан Абайдың сөзімен айтқанда «Кірпіш дүниенің кетігін тауып қалануға» алғашқы адымдарын жасаған «Енші» зияткерлік сайысының қатысушылары кең ауқымды іріктеуден өтіп, миллиондаған көрермен алдында сайысқа түскелі жатыр. «Қазақстан» Ұлттық арнасының эфиріне тұңғыш рет жол тартып отырған аталмыш зияткерлік ойынның алғашқы қатысушыларымен таныс болайық.

Тарбағатайдың тумасы Думан Мейрамұлы Еркінов – ШҚО Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейінің мақтаныштарының бірі. Алтын ұясынан түлеп ұшқасын инженер-механик мамандығы бойынша ЖОО-на түсуді жоспарлап жүрген Думан «…Өмірінің бес жылын кері қайтарса велосипед орнына домбыра алар едім» дейді. Техникалық мамандықты игеруге белін бекем буған оның актерлық қырын байқағандар аз емес. Мәселен, Думан ШҚО театрында өнер көрсеткенін мақтанышпен айтады және мұны өзінің осы уақытқа дейінгі ең үлкен жетістігі деп санайды екен. Елбасы Н.Назарбаевты үлгі тұтатын ол келешекте басшылық қызметтерде болып, Франция, Австралия мен Канада мемлекеттеріне саяхаттасам деп армандайды.

«Қазақтың тамыры – ауылда» демекші, «Енші» зияткерлік сайысына ауыл-елдімекендерде тұратын оқушылар да қатысуға ниет білдіріп, іріктеуден сүрінбей өткен болатын. Солардың бірі – Ақтөбе облысы, Мәртөк ауылының мектеп-гимназиясында білім алып жатқан Айнұра Жұмабекқызы Полатова. Виртуалды әлемде уақыт өткізуді жаны сүймейтін Айнұра қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін сүйіп оқиды. «Қошқар болар қозының маңдай тұсы дөң болар» демекші, филолог-журналист болуды армандап жүрген сайыскердің тілінен бал тамады. Республикалық «Қадыр оқуларында» үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі ІІ орынды иеленген. Адалдықты, шыншылдықты жаны сүйетін Айнұраның өмірде үлгі тұтар тұлғасы – ұстазы Қибат Оралова.
ОҚО Мақтарал ауданы, Жетісай қаласында дүниеге келген Нұрболат Дарханұлы Жүніс бүгінде Шымкент қаласындағы №90 орта мектепте білім алып жатыр. Дәрігер болуға талпынып жүрген Нұрболат бала кезінде ғарышкер болуды армандаған екен. Өзін жылқымінездімін деп есептейтін оның әншілік қыры да бар. Ата-анасын және біртуар ақын Мұхтар Шахановты үлгі тұтатын Н.Дарханұлы дәрігер мамандығын жетік меңгеріп, шамамен он жылдан кейін белгілі спорт клубтарының бірінде медицина маманы болып жұмыс істеуді қалайды.
Нұрмұханбет Жоламанұлы Маманов – NARXOZ университетінде менеджмент мамандығы бойынша білім алып жатқан студент. Өз-өзін жеңгенін осы күнге дейінгі ең үлкен жетістігі санайтын сайыскер «Еншінің» төресі атану үшін барымды салам дейді. Әлихан Бөкейханды және Наполеонды үлгі тұтатын Нұрмұханбет келешекте әлемді шарлауды, оның ішінде Сауд Арабиясы, Жапония мен Швеция мемлекеттеріне табанын тигізуді армандайды. Сондай-ақ, өзін он жылдан кейін Алматы қаласының беделді азаматы, бизнесте және зияткерлік жағынан жетістіктерге жеткен маман ретінде елестетеді.
Мінеки, «Енші» республикалық зияткерлік сайысының аймақтық іріктеулерінен сүрінбей өтіп, ІІ кезеңге жолдама алған алғашқы сайыскерлермен таныс болдық. Ал, олардың білім деңгейін, дайындықтарын байқау үшін 24 қараша күні, сағат 16:15-те ұлттық арнаны қосуды ұмытпаңыз!