Білімімді сынауға мүмкіндік берген «Енші» сайысына мың алғыс!

«Енші» зияткерлік сайысының ұйымдастырушылары мен іріктеу комиссиясы аймақтық кезеңнің оңай болмағанын айтса, мұны қатысушылар да мойындайды. Мәселен, ақтөбелік «Алтын белгіге» үміткер оқушы Мәдина Сисембаева «Еншінің» негізгі телевизиялық кезеңіне жолдама алған сәтінде:

— Қобалжу. Алға ұмтылу. Мақтаныш. Аталған үш-ақ сөзбен бүгінгі күнімді толық сипаттап беруге болады. Бүгін менің өмірімдегі ең бақытты күндерімнің бірі болды. Өйткені, мен өз күшімді, өз білімімді сынауға мүмкіндік алдым. Бірде бабым шауып, бірде бағым одан оза шапқан, қобалжу мен сенімділікті, бәсеке мен достықты, сабырлылық пен шапшаңдықты қатар сездірген yenshi.kz зияткерлік сайысының ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін. Білгенімді ұмытып, білмегенімді біліп, ойлағанымды айтуға жүрексініп, ойланбай да жауап берген сәттер де болды,-деп ағынан жарылды.

Сондай-ақ, ол өзімен бірге үздіктер қатарынан көрінген қарсыластарына сәттілік тілеп, «Еншінің» негізгі кезеңіне өте алмай қалған достарына «Мұңаймай, тек алға талпына беру керек!» деген болатын.