Аймақтық іріктеуден 48 сайыскер үздік шықты

Республиканың жеті ірі қаласында өткен «Еншінің» аймақтық іріктеу кезеңдері елімізде білімді, зияткер жастардың көптеп өсіп келе жатқанын тағы бір дәлелдеп бергендей. Тіпті, алғашқы кезеңдерге қатысуға үлгермей, «Жалғасы болса екен…» деп өтініш айтқан өрендердің қарасы қалың. Ал, www.yenshi.kz сайты арқылы өтініш беріп, сондай-ақ, аймақтық іріктеуге қатысқан ұзын саны 2 мыңға жуық зияткер жастардың ішінде бағы мен бабы қатар шауып, телевизиялық кезеңге жолдама алған үздік 48 сайыскердің қуанышында шек жоқ. Олар үшін тақымын қысқан ата-ана, бәйгеге дайындаған ұстаздарының қалай шаттанғанын сөзбен жеткізу, әрине, мүмкін емес. Ұйымдастырушылар бұл сайыста қатысушының білімі ғана емес, оның психологиялық дайындығы да сыналатынын алдын ала ескерткен еді. Сондықтан, миллиондаған көрермен тамашалайтын «Қазақстан» Ұлттық арнасының эфирінен берілетін бұл бағдарламаға 48 сайыскерді іріктеп алу оңайға түспеді. Әсіресе, білімі жетіп тұрса да, қобалжуы басым болған қатысушылар ереже бойынша үздіктер қатарынан көріне алмады.
Айта кететін жайт, зияткерлік сайыстың аймақтық кезеңіне Астана мен Алматы, Шымкент пен Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе және Ақтау қаласының 10-11 класс оқушылары мен 1-2 курс студенттері қатысқан болатын. Ендеше, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, үздік шыққан өрендердің білім бәйгесіне куә болғыңыз келсе, әр аптаның жұма күндері «Қазақстан» Ұлттық арнасынан «Енші» зияткерлік сайысын жіберіп алмаңыз!